ӨМІР СҮРГЕН ЖЫЛДАРЫ: 1957-2017 жж.
ӨМІРБАЯНЫ: ҚР Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы «Атасу» ауылының тумасы. 1980 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институттың (Қарағанды медицина университеті) «Емдеу ісі» факультетін бітіргеннен кейін Жезқазған қалалық медициналық жедел жәрдем станциясында дәрігер, кейін №1 қалалық ауруханада анестезиолог-реаниматолог болып жұмыс істеді. 1985 жылы А.Н.Сызғанов атындағы клиникалық және эксперименттік хирургия институтына (КжЭХИ) клиникалық ординатураға түсті. Оны 1987 жылы бітіргеннен кейін сол институтта анестезиолог-реаниматолог дәрігер болып қызмет атқарды. 1993-1995 жылдар аралығында Алматы қалалық №1 клиникалық перзентхана үйінде, 1995 жылдан А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығында анестезиолог-реаниматолог дәрігері болады. 1996 жылы анестезиология-реаниматология бөліміне аға ғылыми қызметкер болып тағайындалады. 2001 жылы сол орталықтың докторантурасына түседі де, оны бітірген соң бас ғылыми қызметкер дәрежесіне көтеріледі. А.Н.Сызғанов атындағы ҰҒХО-да қызмет атқарған кезінде өзін анестезияның, мониторингтің заманауи әдістерін және мамандық бойынша қажетті техникалық дағдыларды меңгерген жоғары білікті маман ретінде көрсете білді. Жүрекке, жүрек-өкпе қан айналымы жағдайындағы магистральдық тамырларға, өкпе мен трахеяға, іш қуысы мүшелеріне және т.б. операциялар кезінде анестезия жүргізді. Орталықтың бас ғылыми қызметкері ретінде мемлекеттік ғылыми бағдарламаларды орындау барысында анестезия мен қарқынды терапияның жаңа әдістерін әзірлеуге және жетілдіруге атсалысты. Жүрек және бауыр трансплантациясы кезінде науқастардың операциядан кейінгі ерте кезеңін жүргізу және оған анестезияның заманауи әдістерін енгізуге белсене қатысты. Докторлық диссертациясын орындау барысында орталықтың клиникалық құзіретіндегі өкпе күре тамыры тромбоэмболиясының алдын алу және емдеу, диагностика жасау, болжау бойынша бірқатар инновациялық тәсілдерді әзірледі, жетілдірді және енгізді. 2001 жылдан бастап Қазақстан-Ресей медициналық университетінде резидент-дәрігерлер мен интерн-дәрігерлерді даярлау бойынша анестезиология және реаниматология кафедрасының профессоры және оқу-ісі меңгерушісі болып қосымша жұмыс атқарды. 2013 жылдың тамызынан 2015 жылдың наурызына дейін «Кардиология және ішкі аурулар» ҒЗИ-да анестезиология және реаниматология бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды. 2015 жылдың наурызынан бастап сол институтта қосымша кәсіптік білім беру және постдиплом орталығының анестезиология және реаниматология курсының меңгерушісі болды. «Анестезиологтар және реаниматологтар федерациясы» АҚҰ басқарма мүшесі, «Қазақстанның анестезиологиясы және реаниматологиясы» журналы бас редакторының орынбасары болды.
Қазақстанның белгілі дәрігері Жәнібек Артықбаев 2017 жылдың 3 қазаны күні сағат 18:39-да ауыр жағдайда босанған жас анаға медициналық көмек көрсету мақсатында акушер-гинеколог дәрігер, профессор Т.А.Патсаевпен бірге Алматыдан Шымкентке қарай санитарлық авиация ұшағымен жолға шыққан болатын. Көкке көтерілгеніне 12 минут болғанда Шамалған станциясы аумағында ұшақ радардан жоғалып, Алматы әуежайынан 28 км жердегі Алматы облысының Іле ауданына қарасты Междуреченск ауылына жақын жердегі шаруа қожалығының аумағында апатқа ұшырады. Қазақстан медицинасы білікті дәрігер, мықты ғалымдарынан айырылды.
МАРАПАТТАР ЖӘНЕ АТАҚТАР:
- А.Н. Сызғанов атындағы Қазақ хирургия ғылыми зерттеу институтының Құрмет грамотасы (1989 ж, 1991 ж, 2010 ж);
- Алматы қаласы Денсаулық сақтау комитетінің Құрмет грамотасы (1999 ж);
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрлігінің Құрмет грамотасы (2005 ж, 2012 ж, 2017 ж (қайтыс болғаннан кейін));
- техника ғылымдарының докторы (2006 ж);
- медицина профессоры (2011 ж);
- Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Құрмет грамотасы (2016 ж);
- «Алтын Дәрігер» төсбелгісі (2017 ж (қайтыс болғаннан кейін));
- «Құрмет» ордені (2017 ж (қайтыс болғаннан кейін)).
ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТ: 240-тан аса ғылыми жарияланымдары жарық көрген. Олар: «Өкпе күре тамыры тромбоэмболиясы (этиопатогенез, диагностика, емдеу және алдын алу)» монографиясы (2007 ж); «Веноздық тромбоэмболиялық асқынулар» оқу құралы (2008 ж), 6 әдістемелік ұсыным, өнертабысқа 6 авторлық куәлігі бар. Халықаралық, республикалық және қалалық ғылыми-практикалық конференцияларда, симпозиумдар мен конгрестерде бірнеше рет ғылыми баяндамалар жасады.
ЕСТЕ ҚАЛУ:
- «Кардиология және ішкі аурулар» ҒЗИ Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (ШЖҚРМК) музейінде профессор Артықбаев Ж.Т. өмір жолы жайлы арнайы қабырғалық жасалды, оның құрметіне жұмыс істеген кабинетін мемориалды музей етіп жасақтады;
- өзі қызмет атқарған «Анестезиология, реаниматология және қарқынды терапия бөлімі» профессор Артықбаев Ж.Т. есімімен аталады;
- Исполняя свою миссию (кітап Артықбаев Жәнібек Төкенұлына арналған) / Артыкбаев Адилбек, Артыкбаев Асылбек. – Алматы, 2018. – 223 б.